Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың жылу беру нысандарының жылыту маусымына дайындығын тексеріп, бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алғашқы нысан — Ходжанова көшесіндегі Оңтүстік аудандық қазандығы. Ол 1 553 нысанды, оның ішінде 356 көппәтерлі үйді және 16 білім беру нысанын жылумен қамтамасыз етеді. Қайта жаңарту барысында мұнда үш қазандық ауыстырылып, тағы біреуі қайта жаңартылды, сондай-ақ қосалқы жабдықтар жаңартылды. Жобаны іске асыру қазандықтың қуатын 55 Гкал/сағатқа арттырып, шамамен 200 мың тұтынушының жылумен қамтамасыз етілу сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Одан кейін Дархан Сатыбалды «Орбита» аудандық қазандығын аралады. Нысан 1973 жылдан бері жұмыс істейді. Қазандыққа 1 312 нысан, оның ішінде 925 көппәтерлі үй, 39 білім беру нысаны және 17 денсаулық сақтау нысаны қосылған. 2026 жылы мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Соңғы аялдама Саина – Момышұлы – Ұлықбек – Абай көшелерінің квадратындағы жылу желілерін қайта жаңарту учаскесі болды. Жылу трассасы 1988 жылдан бері пайдаланылып келеді және нормативтік мерзімін тауысқан, соңғы үш жылда мұнда 10 зақымдану тіркелген. Қазір нысанның дайындығы 80%-ды құрайды, биыл шамамен 120 метр жылу желісі ауыстырылды. Қайта жаңарту аяқталған соң 45 көппәтерлі үйдің, 15 басқа нысанның және бір балабақшаның жылумен қамтамасыз етілу сенімділігі артады.
Нысанда тұрғындармен кездесу де өтті. Қала тұрғындары қалалық инфрақұрылымға қатысты мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша бейінді қызметтерге тиісті тапсырмалар берілді.
Жалпы, 2026 жылы Алматыда 20,1 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 15,8 шақырымы орындалды.
