...
... Алматы
USD
EUR
RUB

«Рахат» базарының орнында не пайда болады: жасыл аймақ пен автотұрақ

Алматыда бұрын «Рахат» базары орналасқан аумақты абаттандыру жұмыстары басталды. Бос қалған жерде базар келушілеріне арналған демалыс аймағы мен автокөлік тұрағын жабдықтау жоспарлануда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл шаралар қалалық ортада тәртіп орнату және мегаполис тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау аясында жүргізілуде. Барахолка деп аталатын ауданда орналасқан «Рахат» базары 2018 жылдан бері жұмыс істеген. Ведомствоның дерегінше, жер учаскесі қолданыстағы рұқсат құжаттарынсыз пайдаланылған, бұл тиісті шаралар қабылдауға негіз болған.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Жетісу ауданы әкімі аппараты заңды күшіне енген сот шешімдерін орындау үшін аумақты босатуға кіріскен. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 150-ден астам кәсіпкер базардан кеткен. Оларға қызметін жалғастыру үшін көршілес базарларда жеңілдікпен сауда орындары ұсынылған.

Аумақты босату барысында кәсіпкерлер сауда контейнерлерін өздері шығарып, шатыр құрылымдары мен қоршауларды бөлшектеген. Қазіргі уақытта учаскені абаттандыру жобасы әзірленуде. Мұнда базар келушілеріне арналған жасыл желек элементтері мен демалыс аймақтары бар қоғамдық кеңістік құру жоспарлануда. Сонымен қатар, аумақтың бір бөлігі автотұрақ ұйымдастыруға беріледі, бұл тұрақ кеңістігін ретке келтіріп, ауданның көлік қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Әкімдік заңсыз сауда нысандарын анықтау және жою жұмыстары қаланың барлық аудандарында жалғасып жатқанын атап өтті. Босатылған аумақтарды Алматы тұрғындарының мүддесіне пайдалану жоспарлануда.

Дереккөз: Inalmaty.kz