...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Қаржы

Қазақстанда автокомпоненттер өндірісін кеңейту жоспарлануда

Қазақстанда автокомпоненттер өндірісін дамыту жұмыстары жандандырылып, қазақстандық үлесті арттыруға баса назар аударылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобустарға арналған металл бөлшектер, орындықтар және мультимедиялық жүйелерді қоса алғанда, өнімнің кең тізбесін шығаруды игерген.

«Бамперлер, электр сымдары, дөңгелек дискілері және лак-бояу материалдарын өндіру бойынша жаңа жобалар іске асырылуда. Осы бағытты дамыту мақсатында машина жасау және көлік мәселелері бойынша Заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Сарань және Алматы қалаларында қалыптасты», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Өткен жылы Қазақстанда 171 мыңнан астам автомобиль шығарылды. Автомобиль жасау саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10 мың адамнан асады. Соңғы 5 жылда салаға шамамен 457 млрд теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы 171 мыңнан астам автомобиль өндіріліп, өндіріс көлемі 18%-ға өсті. Ағымдағы жылы оң динамика сақталуда: 6 айда 94 400 автомобиль шығарылып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 35%-ға жоғары. Биылғы жылға жоспар — өндіріс көлемін 11%-ға ұлғайтып, 190 мың автомобиль шығару.

«Саланың одан әрі дамуы инженерлік әлеует пен білікті кадрларға тікелей байланысты. Кәсіпорындар жүйелі негізде инженерлік құзыреттерді дамытуға, кадр резервін қалыптастыруға және мамандар даярлауға инвестиция салуда. Бұл жұмыс жоғары оқу орындарымен және колледждермен дуальды оқыту бағдарламалары арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, өңірлерге мамандарды тарту үшін еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілуде. Корпоративтік кампустар мен жатақханалар салынуда, ал Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Дереккөз: Almaty.tv