Алматы қалалық полиция департаментінде «Қайрат» пен «Ордабасы» командалары арасындағы футбол матчы кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кеңеске футбол клубтарының, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тартылған полиция бөлімшелерінің басшылары қатысты. Қатысушылар барлық қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмін, өткізу режимін ұйымдастыруды, жанкүйерлердің қозғалыс бағыттарын, көлік ағындарын реттеу мәселелерін, сондай-ақ матч басталар алдында, оны өткізу кезінде және аяқталғаннан кейін қоғамдық тәртіптің ықтимал бұзылуының алдын алу шараларын талқылады.
Көрермендердің қауіпсіздігі, штаттан тыс жағдайларға жедел ден қою және жанкүйерлердің спорт нысанында болуына қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Матч өтетін күні қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін екі мыңнан астам полиция қызметкері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері және басқа да тартылған қызметтердің өкілдері қамтамасыз етеді. Полиция департаменті жанкүйерлерді маршрутты алдын ала жоспарлауға, полиция қызметкерлерінің талаптарын және спорт нысандарындағы мінез-құлық ережелерін сақтауға, өзара құрмет көрсетуге және өз командаларын тек заң аясында қолдауға шақырады.
«Біздің басты міндетіміз — футбол матчының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету және барлық көрермендерге қолайлы жағдай жасау. Ұйымдастырушылармен және мүдделі қызметтермен бірлесіп, біз өзара іс-қимылдың барлық мәселелерін пысықтадық, іс-қимыл алгоритмдерін анықтадық және күштерді бөлдік. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге екі мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылады. Жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтауға, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға және өз командаларын мәдениетті түрде қолдауға шақырамыз. Футбол спорт мерекесі болып қалуы керек, ал әрбір көрерменнің қауіпсіздігі — біздің сөзсіз басымдығымыз», — деді Алматы қалалық полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ногайбаев.
Дереккөз: Almaty.tv