...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған халықаралық форум Алматыда өтіп жатыр

Алматыда VII Халықаралық Еуразия мәдениеттерін жақындастыру форумы өтіп жатыр. Биылғы форум қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Форумның мақсаты – Олжас Сүлейменовтің идеялық, әдеби, ғылыми және философиялық мұрасын саралап, оны ұлттық және жаһандық деңгейде заманауи мәдени-білім беру үдерісіне енгізудің практикалық тетіктерін әзірлеу.

Форумда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйледі. Ол Олжас Сүлейменовтің дипломатиялық және қоғамдық қызметі оның әдеби жолының жалғасы екенін атап өтті.

Ол елімізді шетелде танытты, халықаралық алаңдарда елші болып жұмыс істеді, Қазақстанның бейбітшілік, мәдениет және ашық диалог мемлекеті ретіндегі имиджін дәйекті түрде ілгерілетті. Бұл миссияда ол өзіне адал болды – еліміз туралы тарихи жады және басқа халықтарға құрмет тілімен сөйледі. Оның дипломатиялық қызметі әдеби, ғылыми және қоғамдық жолының табиғи жалғасы болды, – деді Аида Балаева.

Министр Сүлейменовтің бастамасымен құрылған халықаралық «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының рөлін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл қозғалыс Қазақстанның бейбітшілік пен гуманизмге ұмтылысының символына айналып, ядролық сынақтарға қарсы күресте миллиондаған адамды біріктірді.

Мәдениет министрі жыл соңына дейін «Сүлейменов. 90 жыл» және «АзиЯ» фотоальбомдарын шығару жоспарланғанын, кейін олар елдің барлық кітапханаларына таратылатынын хабарлады. Кітаптар, аудармалар, ғылыми жарияланымдар мен мұрағаттық материалдармен қатар, заманауи форматтар – Олжас Сүлейменовтің өмірі, шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне арналған деректі және шығармашылық жобалар, оның ішінде фильмдер де маңызды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мұндай жұмысты жүйелі мәдени саясаттың бөлігі ретінде қарастырады. Біздің міндетіміз – Қазастан мақтан тұтатын есімдерді сақтап қана қоймай, олардың мұрасын жаңа ұрпаққа түсінікті, жанды және жақын ету, – деп түйіндеді Аида Балаева.

Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық бюросының директоры Амир Пирич сөз сөйледі. Ол бүгінгі таңда мәдениеттер диалогы бейбітшіліктің қажетті шарты екенін атап өтті.

Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығы бізге мәдениеттер оқшаулану емес, басқа тілдермен, тарихпен және дүниетаныммен ашық өзара әрекеттесу арқылы нығаятынын еске салады, – деді ол.

Ол Сүлейменовтің мұрасы мен мәдениеттерді жақындастыру форумының арқасында Қазақстан диалог тек мүмкіндіктердің бірі емес, бейбітшіліктің базалық шарты екеніне сенімін нығайтатынын атап өтті.

Әзірбайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Рзаев Олжас Сүлейменовпен көп жылғы достығы және оның халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы ерекше рөлі туралы айтты.

Менің өзім де жасым үлкен, бірақ осы мерейтойға келуді парызым санадым. Әзірбайжанда бұл күн кеңінен аталып өтілуде. Президент құттықтау жолдады, газеттерде мақалалар жарияланды, – деді Анар Рзаев.

ТЮРКСОЙ бас хатшысы Султан Раев Олжас Сүлейменовті түркі әлемінің негізгі тұлғаларының бірі деп санайды.

Біз бүгін ол туралы рухани бағдар ретінде айтамыз – өз халқын, мәдениетін қалай сүю керек, руханиятты қалай қорғау және сақтау керек. Ол тек ақын емес, сонымен бірге күрескер. Тоталитарлық дәуірде ол көпшілігі әлі айтуға батылы жетпеген іргелі еңбектерді бірінші болып жазды. Бұл таланттың ғана емес, тарихты терең түсінетін ақынның азаматтық ерлігі мен қаһармандығының көрінісі, – деді Султан Раев.

Олжас Сүлейменовтің өзі форум қатысушыларын онлайн форматта қарсы алып, қонақтарға мәдениет, жады және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне назар аударғаны үшін алғыс айтты. Форум мәдениет, ғылым, әдебиет және халықаралық ұйымдар өкілдерін біріктірді.

Дереккөз: Inform.kz