...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 4%-ға төмендеді: ерте диагностика мен ВПЧ вакцинациясы

Алматыда қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңде анықтау жиілеп, өлім-жітім 4%-ға төмендеді. Жыл басынан бері 2 000-ға жуық жаңа жағдай тіркелген, оның көпшілігі бастапқы сатыда анықталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы онкологиялық орталығының мамандары емдеу мен алдын алу шаралары туралы айтып берді. Қазіргі таңда ең көп таралған ісік түрлері – өкпе, сүт безі және қалқанша без обыры. Орталықта 1 000-ға жуық науқас хирургиялық ем алса, 8 200 науқас стационарда химиотерапиядан өткен. Амбулаториялық деңгейде 7 000-ға жуық пациент химиопрепараттармен қамтамасыз етілген.

«Біз амбулаториялық деңгейде химиопрепараттарды үздіксіз жеткізіп отырмыз. Қазіргі уақытта 7 000-ға жуық пациент амбулаториялық химиопрепараттар алды», – деді Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Жанна Құжаева.

Қалада адам папиллома вирусына қарсы жаппай вакцинация жалғасуда. Науқан басталғалы 11 бен 13 жас аралығындағы 15 000-нан астам қыз бала екпе алған. Мамыр айынан бастап 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге де қосымша екпе егілуде. Барлық процедура мектептерде, колледждерде және емханаларда ата-ананың жазбаша келісімімен ерікті негізде жүргізілуде.

«ВПЧ вакцинациясын сәтті жүргізген елдердің бәрі алдымен қыздардан бастаған. Кейін ұлдар да қосылды. Біз де осы жолмен келе жатырмыз, ұлдарды да қамтуды күтеміз», – деді Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Райхан Болатбекова.

Дереккөз: Almaty.tv