Алматының Медеу ауданында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жалғасуда. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жаңа аллеялар, автополив жүйелері мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Аяқталған нысандардың бірі – «Медиктер» аллеясы. Аумақ толығымен жаңартылып, жалпы ауданы 320 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы төселген. Сонымен қатар жарықтандыру, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен қоршаулар орнатылған. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп, бұталар отырғызылып, көгал егіліп, заманауи автоматты суару жүйесі орнатылған.
«Бізде 30 жоба бар. Жұмыс түрлері – негізінен автополив жүйесін орнату, көгалдандыру, аула аумақтарын жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру. Көптеген жобаға сәуір айында кірістік. Енді бастайтын жобалар да бар, қыркүйек айына қарай жобаларды толық аяқтаймыз деп ойлаймын», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Азат Какетаев.
Ауданның суару инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Жамбыл көшесінің Қонаевтан Төлебаевқа дейінгі учаскесінде шамамен 14 шақырым желі тартылып, сорғы станциялары орнатылған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жаңа жүйе ағаштарды, бұталарды және көгалдарды біркелкі автоматты суаруды қамтамасыз етіп, суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Болашақта жасыл желектерді суару үшін баламалы су көздерін пайдалану жоспарлануда.
«Биыл резервуарлар мен сорғы станцияларын орнату бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Яғни, бұрын «Алматы су» желілеріне қосылған болсақ, қазір одан алыстап келеміз. Су көздерін өзен арналарынан аламыз. Негізінен Кіші Алматыдан. Сондай-ақ ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары бар», – деді Азат Какетаев.
Дереккөз: Almaty.tv