
Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиев мәжіліс кулуарында Қайрат Сатыбалдыұлының Бауыржан Момышұлы атындағы әскери колледжде дәріс оқығаны туралы қауесетке түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Вице-министрдің айтуынша, Сатыбалдыұлы колледждің мерейтойлық іс-шарасына түлек ретінде келген. Ол дәріс оқымаған және оқымайды, себебі профессорлық-оқытушылар құрамына кірмейді.
«Басшылықты жазаладық. Қателеспесем, жұмыстан босатылды», — деді Ахмедиев.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы қыркүйекте сот Сатыбалдыұлын ұрлық ісі бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтелетін 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Кейін оған мерзімінен бұрын босатудан бас тартылды.
2024 жылғы сәуірде Астанада Сатыбалдыұлына қатысты жаңа сот басталып, онда оның Ресей, БАӘ, Франция және Қазақстандағы мүлкі туралы айтылды. Сол жылы Сатыбалдыұлы мемлекетке бірқатар мүлікті қайтарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның мәліметінше, 2022 жылдан бері Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке жалпы сомасы 732,8 млрд теңгеден (1,6 млрд АҚШ доллары) астам активтер мен мүлікті қайтарған.
Қайтарылған мүліктер қатарында Kaisar Towers бизнес-орталығы да болған. 2026 жылғы сәуірде бұл орталықты сауда-саттықта сата алмады.
Дереккөз: Nur.kz