...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Қауіпсіз шомылу: Алматы мен облыстағы қандай су айдындарында жүзуге болады

Алматы тұрғындары ыстықтан қашу үшін қала сыртындағы су айдындарына ағылды. Демалыс күндері Қапшағай су қоймасына қарай көлік ағыны едәуір артады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қапшағай жағалауында жабдықталған жағажайлар мен демалыс аймақтары көп. Мұнда құтқарушылар кезекшілік етеді, ескерту белгілері орнатылған. Мамырдан қыркүйекке дейін су сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі. Мамандар сынамалар алып, қауіпті бактериялар мен вирустарға тексереді.

Алайда тыйым салынған орындарда шомылу фактілері әлі де кездеседі. Қала тұрғындарының бір бөлігі қала сыртына шығуға уақыт жұмсағысы келмей, Алматы шегіндегі су айдындарын таңдайды. Бірақ дәл осы таңдау ең қауіпті болып шығады.

Қала аумағында 44 су айдыны бар, олардың көпшілігі шомылуға арналмаған. Кейбірі тіпті жағада демалуға да қауіпті. Ресми түрде Алматыда қауіпсіз деп саналатын бірнеше орын бар: Сайран көлі, «Гүлдер» демалыс аймағы және Бау бағындағы жағажай. Бірақ іс жүзінде бұл жерлердің ешқайсысы қазіргі талаптарға сай емес.

Бау бағындағы жағажай аймағы әлі абаттандырылу сатысында. «Гүлдер» демалыс аймағы су қоймасы толтырылып, аумақ қауіпсіздік талаптарына сәйкес келтірілгеннен кейін ғана ашылады. Сайран көлінде санитарлық нормаларға байланысты шомылуға тыйым салынған – су сапасы қажетті көрсеткіштерге сәйкес келмейді. Сонымен қатар, суы суық, тереңдігі кенет өзгереді, жағалауы тік. Өткен жылы бір кеште мұнда екі адам қаза тапты.

Мамандардың айтуынша, демалыушылар жиі «жабайы» орындарды таңдап, белгілер мен құтқарушылардың ескертулерін елемейді. Тағы бір мәселе – тау өзендерінде салқындауға тырысу, онда тайғақ тастар мен күтпеген ағыс бар.

Сарапшылар әр су айдынына жауапты бекіту мүмкін емес екенін айтады. Айыппұлдар да демалыушыларды тоқтатпайды, олар суда жүру ережелерін бұзып, өз өмірімен қатар айналасындағыларды да қауіпке тігеді. Құтқарушылар қазақстандықтарды жағажайды мұқият таңдауға және шомылуға тыйым салынған жерлерде жүзбеуге шақырады.

Дереккөз: Zakon.kz