
Италиядан келген турист Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлеріне шұғыл күрделі ота жасап, өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Науқас Қазақстанға сапарлап, елмен, мәдениетімен және адамдарымен танысқысы келетінін айтқан. Алайда келгеннен кейін үш күн өткен соң оның жағдайы күрт нашарлап, іші қатты ауырып, ауруханаға жедел жеткізілген.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алматылық дәрігерлер контрастты компьютерлік томография жүргізіп, қауіпті жағдай — қолқаның инфраренальды бөлігіндегі аневризманың жарылуын анықтаған. Шұғыл хирургиялық араласусыз мұндай патология өмірге тікелей қауіп төндіреді, себебі ішкі қан кетумен қатар жүреді.
Науқасты профессор Серік Тұрсынбаев пен хирургия бөлімінің меңгерушісі Рахман Сапарбаев қарады. Шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданды. Хирургиялық араласу шамамен төрт сағатқа созылды. Ота кезінде дәрігерлер аневризманың жарылғанын растап, науқасқа жасанды қан тамыры протезін орнатты. Мұндай оталар қан тамырлары хирургиясындағы ең күрделілердің бірі саналады және жоғары дәлдікті, шешім қабылдау жылдамдығын және бүкіл медициналық команданың үйлесімді жұмысын талап етеді, — деп мәлімдеді министрлікте.
Ведомствоның айтуынша, қазір ер адамның жағдайы тұрақты, ол амбулаториялық емделуге дайындалып жатыр.
Науқас қазақстандық дәрігерлерге шын жүректен алғысын білдірді.
Мен өмірімді сақтап қалған дәрігерлерге және бүкіл Қазақстан бойынша күн сайын адамдардың өмірін сақтап жүрген барлық дәрігерлерге зор алғыс айтқым келеді. Кәсібиліктеріңіз, көмектеріңіз және адамгершіліктеріңіз үшін рахмет, — деді турист.
Дереккөз: Inform.kz