
Қазақстандық екінші ұлттық бітімгершілік контингентінің әскери қызметшілері БҰҰ-ның Голан биіктеріндегі миссиясын аяқтап, Алматыға оралды. Халықаралық әуежайда оларды құрмет қарауылы ротасы мен әскери оркестр салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әуе қорғаныс күштерінің А-400 әскери-көлік ұшағы Алматыға 70 әскери қызметшіні жеткізді. Қарсы алу рәсіміне Құрлық әскерлері қолбасшылығының өкілдері, Бітімгершілік операциялар орталығы, Қарулы күштер ардагерлері, әріптестері, туыстары мен жақындары қатысты.
Құттықтау сөзінде Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Күшекбаев:
«Қазақстан – бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет. Бүгін біздің еліміздің БҰҰ аясындағы бітімгершілік қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Голан биіктеріндегі операцияға қатысу арқылы біз толыққанды бітімгершілік әлеуеті бар мемлекеттер қатарына қосылдық. Бұл біздің әскери қызметшілеріміздің жоғары дайындығын және армияның халықаралық талаптарға сай күрделі міндеттерді орындау қабілетін растайды», – деп атап өтті.
Бас қолбасшы сондай-ақ әскери қызметшілердің отбасыларына миссияны орындау кезіндегі қолдауы мен шыдамдылығы үшін алғыс білдірді.
Дереккөз: Almaty.tv