
Алматы қалалық «AMANAT» партиясы филиалында «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтіп, Family Park аумағындағы жер учаскесін пайдалану заңдылығы қаралды. Қала тұрғындарының көптеген шағымы парктің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге парк аумағына шығып, мониторинг жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша санитарлық жағдайдың нашарлығы, инфрақұрылымның тозуы, аттракциондардың техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер, жасыл желектердің тиісті деңгейде күтілмеуі және нысанның ұзақ уақыт бойы дұрыс дамымағаны анықталды.
Талқылауға Алматы қалалық прокуратурасы, Жер ресурстарын басқару департаменті, Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Әуезов ауданы әкімінің аппараты және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Алматы қалалық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Станислав Канкуровтың айтуынша, Family Park төңірегіндегі жағдай жеке шаруашылық мәселесінен асып, мыңдаған алматылықтың мүддесіне тікелей әсер етіп отыр.
«Family Park – бұл жай коммерциялық нысан емес, әлеуметтік маңызы бар қоғамдық кеңістік, көптеген тұрғынның сүйікті демалыс орны. Бүгін біз парктің қанағаттанарлықсыз жағдайда екенін, тиісті деңгейде дамымай жатқанын көріп отырмыз, ал азаматтардан шағымдар түсуін жалғастыруда. Егер жер учаскесін пайдаланушы өз міндеттемелерін орындамаса, қала тұрғындарына қауіпсіз және жайлы жағдай жасамаса, заңда көзделген шаралар қолданылуы керек, оның ішінде нысанды мемлекет меншігіне қайтаруға дейін», – деді Станислав Канкуров.
Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ержан Ташпенбетов тексеру барысында жер учаскесін беру заңдылығына қатысты бұзушылықтар анықталғанын хабарлады.
«Тексеру нәтижесінде жер учаскесінің мақсатты тағайындалуын өзгерту және кейіннен жалдау шартын жасасу заңнамада белгіленген тәртіппен жер пайдалану құқығын тиісті түрде бермей жүзеге асырылғаны анықталды. Анықталған бұзушылықтарға байланысты Департамент тиісті нұсқамалар берді. Егер олар белгіленген мерзімде орындалмаса, әкімдіктің қаулысы мен жер учаскесін жалдау шартын жою туралы сотқа талап қойылады», – деді Ержан Ташпенбетов.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері қала тұрғындарының мүддесін қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар жер учаскесін тиімді пайдалану үшін нақты әрі принципті шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. «AMANAT» партиясы бұл мәселені алматылықтардың мүддесінде түпкілікті шешім қабылданғанша бақылауда ұстайды.
Дереккөз: Almaty.tv