Алматының Алмалы ауданында салауатты өмір салтын насихаттайтын «Есірткісіз болашақ!» атты әлеуметтік мурал пайда болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Арт-нысан адамдардың ортақ зұлымдыққа қарсы бірлігін және қауіпсіз болашаққа деген сенімін білдіреді, деп санайды авторлар. Көркем композицияның ашылу салтанатына полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері, қоғам белсенділері, еріктілер және қала тұрғындары қатысты.
«Бұл нысанның мәні – ол қаланы безендіріп, оны тартымды етіп қана қоймай, сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін маңызды хабар жеткізеді. Бұл, ең алдымен, жастарға арналған терең тәрбиелік мәні бар жоба. Муралды жасауға бізге 20 күн кетті», – деді мурал авторы Жәнібек Жұмағалиев.
Бұл әлеуметтік бастама Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған үлкен спорттық мерекемен жалғасты. Арбатта спорт пен салауатты өмір салтын таңдаған жүздеген жас жиналды. Қонақтар кинологтар, СОБР жауынгерлері мен ММА спортшыларының керемет шоуларын көріп, өздері де жарыстарға қатысты. Жеңімпаздарға грамоталар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жастарды тәуелділіктен сақтап, нашақорлықтың алдын алуға назар аудартудың ең жақсы тәсілі екеніне сенімді.
«Біз бұл іс-шараларды тұрақты негізде өткіземіз, алайда нашақорлыққа қарсы күрес күні аясында біз 26 маусымнан 26 шілдеге дейін өтетін есірткіге қарсы айлыққа белсенді қатысамыз, онда біз спорттық іс-шаралар, дәрістер, байқаулар, флешмобтар сияқты әртүрлі форматтағы есірткіге қарсы іс-шараларды көбірек өткіземіз. Салауатты өмір салтын белсенді насихаттау жүргізілуде», – деді ІІД ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев.
Дереккөз: Almaty.tv