Алматы тауларында Шымбұлақ шыңынан түсу кезінде адасып кеткен екі жасөспірім табылды. Олардың біреуіне алғашқы көмек көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімдер Шымбұлақ шыңынан түсу кезінде бағдардан адасып, Башұт шыңының маңына барып қалған.
Іздеуге құтқару қызметінің мамандары шықты. Күрделі таулы рельеф жағдайында мамандар жасөспірімдерді тауып, біреуіне аяғы жарақаттанғандықтан алғашқы көмек көрсетіп, альпинистік жабдықты қолдана отырып, оларды қауіпсіз эвакуациялады, – делінген ведомство хабарламасында.
Жасөспірімдерді қауіпсіз жерге жеткізіп, ата-аналарына тапсырған.
ТЖМ тауға шыққанда маршрутты қатаң сақтап, рельефтің күрделілігін ескеру қажеттігін еске салады.
Дереккөз: Nur.kz