Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Тәжікстан Республикасының Хатлон облысының басшысы Саид Давлаталимен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тараптар екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтар сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін берік негіз қалыптастыратынын атап өтті.
Дархан Сатыбалды 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының Тәжікстанмен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі 347 млн долларды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өскенін айтты.
Қазіргі уақытта қалада тәжік капиталының қатысуымен 226 кәсіпорын тіркеліп, қызмет етуде. Олар өңдеу өнеркәсібін, құрылысты, көтерме және бөлшек сауданы, көлікті, қаржы операцияларын және басқа да қызмет көрсету салаларын қамтиды.
Өз кезегінде Саид Давлатали Алматы Тәжікстаннан әкелінетін тауарлар, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері үшін ірі тұтыну нарығы екенін атап өтті. Алдағы екі күнде қалада Хатлон облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен үшінші ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.
Бұл іс-шара Хатлон облысы өндірушілері мен Алматының іскер топтары арасындағы тікелей әріптестікті нығайту үшін нақты алаңға айналады, — деді Саид Давлатали.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экономикалық және гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған бастамаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін растады.
Дереккөз: Almaty.tv