
Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова брифингте Боралдайдағы жаппай уланудан кейін Алматыда суши дайындайтын мейрамханаларда тексеріс жүргізілетініне қатысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Дәл Алматы облысына қатысты… Тексерістер нысаналы бола алмайды – тек Алматыда немесе тек Алматы облысында. Шешімді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қабылдайды. Бүгінгі таңда осы кәсіпорындарды тексеру мәселесі тұрған жоқ», – деді Қалықова.
Оның айтуынша, бүгінгі күні оңтүстік астанада тағамдық токсикоинфекциямен ауырудың 21 жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 13 жағдай бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 27%-ға төмендеген, оның ішінде балалар арасында да азайған.
«Алматы қаласы бойынша суши немесе басқа балық өнімдерін тұтынуға байланысты жағдайлар тіркелген жоқ», – деді ДСЭБ өкілі.
Еске салайық, 17 маусымда Алматы облысының Боралдай ауылында тұрғындардың жаппай медициналық көмекке жүгінуінен кейін мекеме жұмысы тоқтатылған болатын. 18 маусымда 65 адамның уланғаны, оның 36-сы ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды.
Дереккөз: Nur.kz