...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматыда аялдамаға кабель тарту асфальтты бүлдіріп, полиция шақыртты

Алматыда аялдама павильондарына электрондық табло орнату үшін кабель тарту жұмыстары асфальт жабынын бүлдіріп, тұрғынның полиция шақыруымен аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қала тұрғыны Сергей Федосеев Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында Сатпаев көшесі, 10А мекенжайындағы гараж кооперативінің жеке аумағында мердігер ұйым ешқандай келісімсіз және құжатсыз асфальтбетон жабынын бүлдіргенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, оқиға орнына полиция шақырылып, арыз жазылған. Алайда мердігер жұмысты тоқтатуды ойламайды: кейіннен жұмыс жүргізіп жатқанын және жабынды қалпына келтіретінін хабарлаған хат жіберген.

«Бүгін Сатпаев 10А мекенжайы бойынша, гараж кооперативінің жеке аумағында, ешқандай келісімсіз және құжаттама ұсынбастан, Сатпаев аялдамасына электрондық табло қосатын мердігер асфальтбетон жабынын бүлдірді. Полиция шақырылып, арыз жазылды, бірақ мердігер шегінуді ойламайды және кейіннен бізде жұмыс жүргізіп жатқанын, жабынды қалпына келтіретінін жазып, хат жіберді. Асфальтты бүлдіргені және жеке аумақта өз бетінше жұмыс жүргізгені үшін мердігерге шара қолдануды, кабельді демонтаждауды және жабынды қалпына келтіруді сұраймын», — делінген жазбада.

Ер адамның өтінішіне қалалық көлік басқармасы жауап берді. Анықталғандай, мұнда қоғамдық көлік аялдамаларына электрондық ақпараттық табло орнатылып жатыр.

«Гараж кооперативінің аумағында жұмыс жүргізілгені туралы келіп түскен өтінішке байланысты мән-жайды тексеру, аумақ иелерімен мәселені реттеу және анықталған бұзушылықтарды жою үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ақпарат жіберілді. Мердігер ұйым жұмыс жүргізуге қажетті келісімдердің бар-жоғын тексеруі, бүлінген асфальтбетон жабынын қалпына келтіру және аумақты бастапқы қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдауы қажет», — деп жауап берді басқарма.