
СМУС судьясы Еркін Майшинов мас күйінде үш адамның өліміне әкелген жол апаты үшін Zeekr жүргізушісіне қатысты үкімді түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
22 маусымда судья сотталушыны кінәлі деп танып, оны қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыруға соттады.
«Сотталушы өзіне тағылған айып бойынша, яғни алкогольдік масаң күйде көлік басқару, жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу арқылы Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл көліктердің соқтығысуына және үш адамның қазасына әкеп соқты. Аталған мән-жайлар дәлелдемелермен, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен расталады. Сотта дәлелдемелердің шынайылығына күмән келтіруге негіз жоқ. Кінәсі айқын», — деді судья Майшинов.
Ол ҚР ҚК 345-1-бабы 4-тармағының санкциясы 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды көздейтінін атап өтті.
«Жаза тағайындау кезінде сот үш жас адамның қазасы түріндегі ауыр зардаптарды ескерді, бұл марқұмдардың туыстары үшін орны толмас шығын. Мұндай жағдайларда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталғанды түзеу және жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сот қылмыстық кодекстің осы бабында көзделген ең жоғары жаза мерзімін — 10 жыл бас бостандығынан айыруды тағайындау қажет деп есептеді», — деп түсіндірді судья.
Еркін Майшинов сотталған адамның көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылғанын қосты. Сондай-ақ сот жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді ұйғарды.
Дереккөз: Nur.kz