Блогер Әділетхан Молдаханға Алматы қаласының соты үкім шығарды. Ол кінәлі деп танылып, 2,5 жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы сотының баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне хабарлағандай, сотталушы Қылмыстық кодекстің 274-бабы 3-бөлігі (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша кінәлі деп танылды.
«Оған 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ қосымша жаза ретінде қоғамдық-публицистикалық қызметпен айналысуға 5 жылға тыйым салынды», — делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Еске салайық, 31 наурызда Алматы полиция департаменті Молдахан Әділетханға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді тіркегені белгілі болды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды. Кейін ДП оның бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. 8 сәуірде ол екі ай мерзімге қамауға алынды. 4 маусымда блогердің ісі бойынша сот басталды.
Дереккөз: Nur.kz