
Алматы әуежайында 20 жастағы шетел азаматы ұсталып, оның жеке басын тексеру кезінде жалпы салмағы 11 кг болатын 12 пластик ыдыс гашиш майы табылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Есірткі контрабандасына жол бермеу арнайы тексеру іс-шаралары барысында жүзеге асырылды. Тінтуді полиция қызметкерлері ҰҚК шекара қызметімен бірлесіп жүргізді.
Бангкок — Алматы әуе рейсімен келген 20 жастағы шетел азаматы ұсталды. Жеке басын тексеру кезінде одан жалпы салмағы 11 килограмм болатын 12 пластик ыдыс гашиш майы алынды. Биылғы жылдың басынан бері жедел бөлімшелердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағына есірткіні контрабандалық жолмен әкелудің 57 фактісінің жолы кесілді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Ельдар Әбдікенов.
Ұсталған шетел азаматына 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе мүлкі тәркіленіп, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қауіп төндіреді. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция есірткі тасымалы арналарын жабу, трансұлттық қылмыстық топтардың әрекетіне жол бермеу және мемлекеттік шекараны қорғау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Бұған дейін Шри-Ланкада 112 кг есірткі тасымалдамақ болған 22 монах ұсталғаны хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz