Балқаштық «Тұран жолбарысы» Алматыдағы сайлау учаскесіне барып, дауыс берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ерекше қонақ бүгін таңертең Жетісу ауданының Айнабұлақ шағын ауданындағы учаскеде пайда болды. «Тұран жолбарысы» маңызды қоғамдық оқиғадан шет қалмай, өз дауысын берді.
Тұранның келуі бүгінгі күннің ерекше сәттерінің біріне айналып, тұрғындарда жағымды эмоция тудырды. Дауыс беруден кейін «Тұран жолбарысы» қатысушылармен сөйлесіп, тұрғындармен суретке түсті.
Еске салайық, бүгін Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент — Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр.
Дауыс беру 07.00-ден 20.00-ге дейін жалғасады. Барлығы 10 423 сайлау учаскесінде, оның ішінде 61 шет мемлекеттегі ҚР өкілдіктеріндегі 79 учаскеде дауыс беру өтеді. Сайлаушылар тізіміне барлығы 12 605 788 азамат енгізілген.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жеті саяси партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеген болатын. Барлығы 545 кандидат тіркелді, ал Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Осылайша, бір депутаттық мандатқа 4 кандидаттан бәсеке бар.
