Алматыда Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған дауыс беру учаскелері жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бүгін Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент — Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр.
№93 мектепте орналасқан №275 және №276 учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де жұмысын бастады. Дауыс беруге дайындық сағат 06:00-де басталды.
№275 учаскесінде сағат 06:30-да дауыс беру басталмас бұрын сайлау жәшіктері мөрленді. Мұнда үш жәшік орнатылған: біреуі стационарлық, екеуі жылжымалы. Олар сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен мөрленді.
Сайлау комиссиясының мүшелеріне сайлаушылар тізімі мен бюллетеньдер таратылды.
№275 учаскесінің сайлаушылар тізімінде 2 502 адам бар. Заңнамада көзделген 1%-дық резервті ескере отырып, учаскеге 2 527 бюллетень жеткізілді.
Учаскенің ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын орындаумен өтті. Осыдан кейін алғашқы сайлаушылар бюллетень алып, дауыс беруге кірісті. Алғашқы сайлаушыға дауыс бергеннен кейін тәтті сыйлық табыс етілді.
Жалпы дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде, оның ішінде ҚР өкілдіктері жанындағы 79 учаскеде 61 шет мемлекетте өтеді. Дауыс беру сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін жалғасады.
Сайлаушылар тізіміне барлығы 12 605 788 азамат енгізілген. Сайлау құқығы бар 18 жастан асқан қазақстандықтар дауыс бере алады.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жеті саяси партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеген болатын. Барлығы 545 кандидат тіркелді, ал Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Осылайша, бір депутаттық мандатқа 4 кандидаттан бәсеке бар.
Құрылтай депутаттарын сайлауға «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы (ҚХП), «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы және Respublica қатысты.
Еске салайық, 1 шілдеде Қазақстан Президенті Құрылтай сайлауын 23 тамызға белгілеген еді.
