АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы қызметіне Питер Кауфман тағайындалды. Бұл қызметті 2023 жылдан бері атқарып келген Мишель Еркін орнын босатты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бас консулдықтың мәліметінше, Питер Кауфман Қазақстанға жаңа ғана келген. Консулдық Instagram парақшасында: «Алматыдағы АҚШ-тың жаңа бас консулы мырза Питер Кауфманды бірге қарсы алайық!» деп жазды.
Бұған дейін бұл лауазымды Мишель Еркін иеленген. Ол 2023 жылдың тамызында Қазақстанда жұмысқа кіріскен. Мишель Еркіннің жұбайы – алматылық Жомарт есімді азамат, олар төрт бала тәрбиелеп отыр. Ол орыс және испан тілдерін еркін меңгерген, қазақ тілін де үйреніп жүр.
Консулдық парақшасында Мишель Еркіннің қазақ тілінде ел тұрғындарына бірлескен жұмыс үшін алғыс айтқан бейнежарияланымы жарияланды.
2025 жылдың басында мәжіліс депутаттары пленарлық отырыста АҚШ-қа Алматыдағы консулдық мекемесінің үй-жайын салу үшін жер телімін жалға беруді көздейтін заң жобасын қарауға қабылдағаны хабарланған еді.
Дереккөз: Nur.kz