Алматы тұрғыны Төле би көшесіндегі жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшылардың ағаштарды цементке құйып тастағанын хабарлады. Бұл туралы ол Threads әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Пайдаланушы inesh_access_bars атты тұрғын бірнеше фотосурет жариялап, онда ағаштардың түбіне цемент құйылғанын көрсетті. Ол: «Неге ағаштарды цементке құйып тастады? Өсіп тұрған, көгал болған, алып бәрін цементпен толтырды. Төле би – Яссауи тұсында жөндеу жүріп жатыр, аялдама да, жаяу жүргіншілер жолы да жоқ», – деп жазды.
Алматы қаласы әкімдігінің экология басқармасы тексеру жүргізіп, ағаштардың зақымдалғанын растады. Нәтижесінде кінәлі тұлға ӘҚБтК-нің 386-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 АЕК (129 мың теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, жауапты тұлғаға жасыл желектерді кесу мен зақымдауға жол берілмейтіні туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Дереккөз: Nur.kz