
Алматы халықаралық туристік және іскерлік хаб ретіндегі мәртебесін нығайта түсуде. 2026 жылдың 31 мамырынан бастап қала тұрғындары мен қонақтары Польшаның астанасы Варшаваға тікелей ұша алады. Алматы – Варшава бағыты бойынша жаңа рейсті Польшаның ұлттық әуе тасымалдаушысы іске қосады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Рейстер аптасына төрт рет заманауи Boeing 737 MAX әуелайнерлерімен орындалады. Бұл Қазақстан мен Еуропа арасында ыңғайлы әрі жайлы қатынасты қамтамасыз етеді.
Бағыттың ашылуы аясында 1 маусымда Алматыға польшалық туроператорлар мен тревел-блогерлер делегациясы келеді. Қонақтар үшін қаламен танысудың қызықты бағдарламасы дайындалған: басты көрікті жерлер, заманауи туристік инфрақұрылым, гастрономиялық орындар және Іле Алатауы тауларында демалыс.
Сонымен қатар, польшалық туристік индустрия өкілдері алматылық туроператорлар мен бизнес-қауымдастықпен кездесіп, бірлескен жобалар мен одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылайды.
Халықаралық әуе қатынасын дамыту Алматының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Маршруттық желіні кеңейту туристік ағынның өсуіне, халықаралық байланыстардың нығаюына және қаланың Орталық Азиядағы саяхат пен бизнес үшін ең тартымды бағыттардың бірі ретіндегі имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Дереккөз: Almaty.tv