...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Қаржы

Алматыдан Токиоға тікелей рейстер ашылады

Air Astana 2026 жылдың 30 қарашасынан бастап Алматыдан Токиоға тікелей рейстер ұша бастайды, ал Токиодан алғашқы кері рейс 2026 жылдың 1 желтоқсанына жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Рейстер аптасына екі рет Токионың халықаралық әуежайына (Нарита) Airbus A321LR ұшақтарымен орындалады. Ұшақтарда бизнес және эконом-класс салондары қарастырылған.

«Рейстер кестесі (жергілікті уақыт бойынша, үкімет мақұлдаған жағдайда): KC171 рейсі Алматы–Токио дүйсенбі және бейсенбі күндері Алматыдан 21:55-те ұшып, Токиоға келесі күні 09:25-те келеді. KC172 рейсі Токио–Алматы сейсенбі және жұма күндері Токиодан 10:55-те ұшып, Алматыға 16:20-да келеді. Алматыдан Токиоға ұшу ұзақтығы 7 сағат 30 минут, кері бағытта — 9 сағат 25 минут», — делінген хабарламада.

Екі бағыттағы билеттің ең төменгі бағасы (барлық алымдарды қоса есептегенде) эконом-класста 350 552 теңгеден, бизнес-класста 1 398 918 теңгеден басталады.

Айта кетейік, Жапония азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Қазақстан азаматтарына Жапонияға сапар шегу үшін виза қажет.