Алматы мен Токио арасындағы тікелей әуе рейстері аптасына екі рет орындалады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Рейстер Токионың Халықаралық әуежайына (Нарита) бизнес және эконом класындағы салондармен жабдықталған Airbus A321LR ұшақтарымен жасалады.
Алматыдан Токиоға ұшу уақыты – 7 сағат 30 минут, кері бағытта – 9 сағат 25 минут.
KC171 рейсі Алматы – Токио бағыты бойынша дүйсенбі және бейсенбі күндері Алматыдан 21:55-те ұшып, Токиоға келесі күні 09:25-те келеді. KC172 рейсі Токио – Алматы бағыты бойынша сейсенбі және жұма күндері Токиодан 10:55-те ұшып, Алматыға 16:20-да келеді.
Air Astana мен Japan Airlines арасындағы серіктестік аясында Токио (Нарита) мен Алматы арасындағы рейстер код-шеринг режимінде орындалады.
Қазақстандық әуекомпанияның мәліметінше, екі жаққа баратын билеттің ең төменгі құны (барлық алымдармен) эконом-класта 350 552 теңгеден, бизнес-класта 1 398 918 теңгеден басталады.
Жапония азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Қазақстан азаматтарына Жапонияға бару үшін виза қажет.
Бұған дейін көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Токиоға тікелей әуе рейстері 2026 жылдың төртінші тоқсанында, АҚШ-қа 2027 жылдың екінші тоқсанында ашылатынын хабарлаған болатын.
