
Алматыдағы стоматологиялық мекемелерді жаппай тексеру нәтижесінде 18 лицензияның күші жойылып немесе тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қалалық департаментінің басшысы Дәмір Дәулетбаев өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте прокуратура органдарының талабы бойынша 92 стоматологиялық мекеменің қызметіне талдау жүргізілгенін, 85 медициналық ұйымда тексеру ұйымдастырылғанын айтты.
«Тексеру қорытындысы бойынша 46 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 63 әкімшілік хаттама толтырылды, ал 18 лицензияның күші жойылды немесе тоқтатылды», — деді Дәулетбаев.
Оның мәліметінше, медициналық қызмет сапасын бақылау саласында азаматтардың өтініштері мен мемлекеттік органдардың материалдары негізінде 103 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
«Тексеру қорытындысы бойынша 19 әкімшілік хаттама толтырылып, шамамен 2 млн теңге айыппұл салынды, 37 нұсқама беріліп, құқық қорғау органдарына материалдар жолданды. Есепті кезеңде тіркелмеген препараттарды өткізу, шекті бағадан асыру, лицензиясыз қызмет жүргізу және мерзімі өткен дәрілерді сату фактілері бойынша 89 тексеру өткізілді. Бақылау шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 16 млн теңгеден астам 59 әкімшілік іс қозғалды», — деп қосты Дәулетбаев.
Бұған дейін тексерілген 313 стоматологияның 143-і өз еркімен қызметін тоқтатуды шешкені хабарланған.
Дереккөз: Nur.kz