
1 маусымнан бастап Алматыда жазғы буккроссинг алаңдары жұмыс істей бастайды. Қала тұрғындары мен қонақтары кітаптарды тегін алып, оқып, алмастыра алады. Жоба зияткерлік демалысты дамытуға және қоғамдық кеңістіктерде оқуды насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кітап сөрелері Ганди, Қарғалы саябақтарында, М. Мақатаев атындағы скверде және №44 кітапханада (Орталық көшесі, 12Б) орналасады. Шілде айынан бастап буккроссинг алаңы А. П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада (Гоголь көшесі, 109) ашылады.
Алматы қалалық Мәдениет басқармасының мәліметінше, кітап сөрелері дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Кітап қоры үнемі жаңартылып отырады. Сөрелерде көркем, танымдық және мотивациялық әдебиеттер ұсынылады.
Жоба қала кеңістігін тек демалыс орны ғана емес, мәдени және зияткерлік алмасу алаңына айналдыруды көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, буккроссинг форматы тұрғындарға таза ауада кітап оқуға және өз басылымдарымен бөлісуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv