
Алматыда Almaty Superski тау курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Тау курорты Ой-Қарағай, Шымбұлақ, Бутаковка, Қимасар, Пионерді Көк-Жайлаумен байланыстырады, ол Іле-Алатау ұлттық паркі аумағының 0,5%-ын ғана қамтиды, бірақ 1002 гектарды алып, табиғи экожүйелерге әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қоғамдық тыңдауларда жоба авторлары ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін сақтауға кепілдік беріп, коттедждер мен виллалар салуды жоспарламайтынын мәлімдеді. Kazakh Tourism Development LTD басшысы Ержан Еркінбаев тыңдауларды аша отырып, жобаға сарапшылар мен белсенді қала тұрғындарының ескертулері ескеріліп, түзетулер енгізілгенін айтты.
«17 подъемниктің тек 11-і канатты жол, қалғаны жеңіл құрастырылатын балалар подъемниктері. Олар жоғары қауіпсіздікпен және үлкен өткізу қабілетімен ерекшеленеді. Барлық канатты жолдар жаңа буынды, заманауи, технологиялық — Алматыдан Көк-Жайлау үстіртіне жеткізеді. Барлығы төрт тірек қою жоспарланып, құрылыс пен орман кесу ауқымын барынша азайтады. Тау ауылы 20 га-дан аспайды. Курорттың өткізу қабілеті күніне 10-15 мың адамды құрайды. Трассалардың 60%-дан астамы балалар мен жаңадан бастаушыларға ыңғайлы болады. Таулар отбасылық демалыс, балалар спорты, белсенді ұзақ өмір және салауатты өмір салты үшін орынға айналады», — деді Ержан Еркінбаев.
Жоба Көк-Жайлауға жаяу баратындардың қауіпсіздігін арттыруды, тау жолдарын жабдықтап нығайтуды, байланысы бар жаңа визит-орталықтар салуды, сондай-ақ 65 км-ден астам канатты жол салу арқылы тауға шығуды жеңілдетуді көздейді. Бұл әсіресе дене күші мен тауға шығу тәжірибесі жоқ адамдарға, соның ішінде балаларға, зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектеседі.
Қазақстан альпинизм және спорттық скалолау федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов жоба аясында ски-альпинизм — жаңа олимпиадалық спорт түрі бойынша жаттығу базасын құру мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті. Қазір альпинизммен әуесқойлық деңгейде 15 мың адам айналысады, 2 мың адамның спорттық разряды бар. Скалолаумен айналысатындардың 60%-ы Алматыға тиесілі.
Kazakh Tourism басқарма төрағасы Талғат Ғазизов тау туризмінің Алматы және Қазақстан экономикасына оң әсерін атап өтті.
Дереккөз: Inform.kz