
Алматыда Халықаралық мұражайлар күніне орай ұйымдастырылған «Мұражайдағы түн» акциясы аясында қалалық мұражайлар бірлестігінің мұражайларына бір күнде 28 мыңнан астам адам келді. Іс-шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала тұрғындары мен қонақтары мәдени шараға белсенді қатысты: мұражайлардың арнайы бағдарламаларын балалар да, ересектер де үлкен қызығушылықпен тамашалады. Мұражайлар таңғы сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін ашық есік күнін өткізді. Жалпы, сағат 18:00-ден түн ортасына дейін сегіз қалалық мұражайда «Мұражайға сыйлық» және «Жұлдызды гид» акциялары, танымдық-интеллектуалдық ойындар, шеберлік сабақтары, көрмелер, аквагрим, AI-технологиялары қолданылған фотозоналар, мұражай дәрістері мен шығармашылық кездесулер өтті. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын Kalifarniya, Bayansulu, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев, «Алашұлы» және «Алатау серілері» топтары, «IL Canto» квартеті, Ерболат Құдайберген, Алихан Байсұлтан және басқа да танымал әртістердің қатысуымен өткен концерттік бағдарлама тудырды.
Кештің ең жарқын жобаларының бірі – «Тарих ізімен» мұражайаралық квест-ойыны болды. Танымал блогерлердің жетекшілігімен командалар Бірлестік мұражайларына барып, арнайы дайындалған тапсырмаларды орындады. Қатысушылар финалдық кезеңге шығу үшін күресті, ал жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Алматы мұражайында Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған «Қазақ киносының інжу-маржаны – Қыз Жібек» көрмесі ашылды. Экспозицияда ҚР Ұлттық мұражайының, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының және Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің қорларынан алынған материалдар ұсынылды. Келушілерге «Қыз Жібек» фильмінің архивтік материалдары ғана емес, сонымен қатар костюмдер, эскиздер, реквизиттер, сондай-ақ театр қойылымдары мен опера спектакльдерінде қолданылған актерлердің жеке заттары көрсетілді. Сонымен қатар, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының 45 жылдығына арналған «Уақыт айнасы: мұражайдың 45 жылы» көрмесі ашылды.
«Мұражайға сыйлық» акциясы аясында мұражай қорларына құнды тарихи және рухани жәдігерлер тапсырылды. Атап айтқанда, Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова Алматы мұражайының қорына Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің шапаны мен сахналық костюмін ресми түрде тапсырды. Сондай-ақ мұражай қорына қазақ опера өнерінің аңызы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның сахналық көйлектері қабылданды. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайына Роза Бағланова мен Секен Тұрысбектің домбыралары, ал Ахмет Байтұрсынұлының үй-мұражайына Шолпан Ахметқызы Байсалованың таяғы тапсырылды. Н. Тілендиевтің мемориалдық мұражайында «Ұлы Қазақ» әлемдік бірлестігінің президенті Құсман Кәрімұлы композиторға «Аңыз адам» орденін табыс етті.
Мұражайларда қонақтарды Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Қаныш Сәтбаев, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова және Поль Гурде бейнелеріндегі кейіпкерлер қарсы алды. Сондай-ақ келушілердің үлкен қызығушылығын Құрманғазы, Қорқыт, Біржан сал, Дина Нұрпейісова, Жамбыл Жабаев, Ақан сері, сондай-ақ Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің бейнелері тудырды.
Кеш қонақтарының ерекше назарын аударған жобалардың бірі – сақ жауынгерінің реконструкциясы болды. Археологиялық деректер бойынша, жауынгер біздің дәуірімізге дейінгі V ғасыр шамасында өмір сүрген. Ол 2022 жылы Алматы қаласының мұражайлар бірлестігінің ЖЭО-2 ауданындағы экспедициясы кезінде табылған. 2026 жылы жәдігер зерттеліп, академик-реставратор Қырым Алтынбеков пен Элина Алтынбекованың жетекшілігімен «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық зертханасында қайта жаңғыртылды.
«Мөлдір махаббат» және «Ұлпан ұлағаты» перформанстары мен қойылымдары, мұражай дәрістері мен шығармашылық кездесулер, сондай-ақ «Асанәлі Әшімов» театрының «Алматы – махаббатым» спектаклі көрермендердің жылы ықыласына бөленді.
Дереккөз: Almaty.tv