
Алматыдағы Құләш Байсейітова атындағы Республикалық орта мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының ғимараты бұзылып, орнына заманауи оқу кешені салынады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Вице-премьер — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2024 жылы Facebook-тегі парақшасында дарынды балаларға арналған үш орта мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттың жоспарын жариялаған болатын. Оның айтуынша, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы 1962 жылы салынған мектеп-интернат жаңартылып, кеңейтіледі, ал Алматыдағы 1964 жылы салынған Жұбанов атындағы Республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаты жаңғыртылады.
Сондай-ақ Балаева 1948 жылы құрылған Құләш Байсейітова атындағы мектеп-интернаттың да заманауи оқу және тұрмыс жағдайын жасау үшін реконструкцияланатынын айтқан. Кейін әлеуметтік желілерде ғимаратты бұзу туралы хабар тарап, қоғам пікірі екіге жарылды.
Бір топ адамдар Байзақов көшесіндегі ғимаратта Айман Мұсаходжаева, Жания Әубәкірова, Гаухар Мұрзабекова, Ержан Күлібаев, Алена Баева, Марат Бисенғалиев, Юрий Аравин, Карина Абдуллина сынды танымал түлектер мен Нина Патрушева, Яков Фудиман, Жамбыл Басбаев секілді көрнекті профессорлар еңбек еткенін, Батырхан Шукенов әндерін жазғанын атап, «қазақстандық және әлемдік мәдениет аңыздарын еске сақтайтын қабырғаларды» сақтап қалу керек деген пікір білдірді.
Екінші топ бұзудан еш жамандық жоқ, орнына заманауи әрі ыңғайлы корпустар салынса, болашақ жұлдыздарға жақсы жағдай жасалады деп есептеді.
Мектеп директоры Бахтияр Әбдірашев мәселеге нүкте қойып, қазіргі ғимараттың орнына жаңасы салынатынын мәлімдеді.
— Соңғы жылдары мектепте инфрақұрылымның тозуы және оқу алаңдарының тапшылығы өткір тұрды. Қазіргі оқушылар саны ғимараттың бастапқы жобалық көрсеткіштерінен бірнеше есе артық. Күрделі жөндеу жүргізу бастапқыда басым бағыт ретінде қарастырылды. Алайда егжей-тегжейлі талдау барысында бұл нұсқа мақсатсыз деп танылды, өйткені ол тек қолданыстағы құрылымдарды қалпына келтіруді көздейді және заңды түрде алаң тапшылығы, инфрақұрылымды кеңейту, оқу және музыкалық қорды жаңарту мәселелерін шешуге мүмкіндік бермейді, — деді Әбдірашев.
Оның сөзінше, аккредиттелген ұйымдардың кешенді техникалық сараптамалары ғимараттың нормативтік талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған: санитарлық нормалардың бұзылуы (желдету жүйесі тозған жертөлелерде сабақ өту), шамадан тыс тығыздық (оқу кабинеттері мен буфеттің ауданы аз), мамандандырылған алаңдардың жетіспеушілігі (жеке сабақтар, ансамбль/квартет жаттығулары үшін бөлмелер жоқ), интернатта орын тапшылығы (оқушылар жатын бөлмелер мен дәліздерде жаттығуға мәжбүр), сейсмикалық күшейтудің болмауы, іргетастың тозуы (нығайту немесе қабат салу мүмкін емес) және кедергісіз ортаны (пандус, лифт) ұйымдастыра алмау.
— Сараптамалардың ресми қорытындылары негізінде жалғыз мүмкін шешім — дәл осы жер учаскесінде жаңа, заманауи оқу кешенін «кілт тапсыру» шартымен салу. Жоба инфрақұрылымдық шектеулерден жаңа мүмкіндіктерге көшуге, оқу процесін жертөледен қауіпсіз сыныптарға ауыстыруға, кеңістікті оңтайландыруға және тығыздықты жоюға мүмкіндік береді, — деп түйіндеді директор.
Дереккөз: Inform.kz