...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда жүргізушілерді LEZ-аймаққа кіру туралы хабарландыру алады

«Алматы паркинг» қосымшасында тіркелген жүргізушілерге төмен шығарындылар аймағына (LEZ) кірген кезде push-хабарландыру жіберіле бастайды. Жаңа жүйе әзірге сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Алматы паркинг» КМК мәліметінше, хабарландыру жүйесі — осы жылдың 28 сәуірінен бастап іске қосылған көлік ағындарын есепке алудың цифрлық инфрақұрылымын енгізу бойынша техникалық пилоттық жобаның бір бөлігі.

Хабарландырулар аймаққа кірген кезде жүйемен тіркелген көлік иелеріне жіберіледі. Онда сынақ режимінде жұмыс істейтін төмен шығарындылар аймағына кіру күні, www.almaty-parking.kz сайтына сілтеме және +7 (727-39) 0-80-00 байланыс нөмірі көрсетіледі, — деп атап өтті ұйымда.

Пилоттық жоба Богенбай батыр көшесінің оңтүстігі, Абай даңғылының солтүстігі, Желтоқсан көшесінің шығысы және Достық даңғылының батысы аралығындағы төртбұрышта жүзеге асырылуда.

Қазіргі кезеңде жүргізушілер үшін ешқандай шектеу, айыппұл немесе жол жүру ақысы қарастырылмаған. Пилоттың негізгі міндеті — технологиялық платформаның жұмысын сынау және қалалық инфрақұрылымның дайындығын бағалау.

Сынақ кезеңінің басты мақсаты — LEZ аймағына кіретін көліктерді кешенді есепке алу жүйесі мен деректер аналитикасы модулін қоса алғанда, арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді пысықтау.

Техникалық пилоттық кезең 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады. Осы уақытқа дейін эксперимент аумағында көлік қозғалысы әдеттегі режимде жүреді.

Еске салайық, Алматыда төмен шығарындылар аймақтарын (Low Emission Zones, LEZ) құру жобасы жүзеге асырылуда, ол атмосфералық ауаның ластануын азайтуға бағытталған. Болашақта белгіленген экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін автомобильдер үшін мұндай аймақтарға кіру ақылы немесе шектеулі болуы мүмкін.

2025 жылдың соңында қалада атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа Ережелері қабылданды.

Бұған дейін әкімнің орынбасары Алмасхан Сматлаев 2024 жылы мегаполисте 189 мың тонна ластаушы заттар тіркелгенін, оның 112 мың тоннасы (шамамен 60%) автокөлікке тиесілі екенін хабарлаған.

Дереккөз: Inform.kz