
Биыл Медеу ауданында 50 көппәтерлі үйді ретке келтіру жоспарланған. Қазіргі уақытта жұмыстар Назарбаев даңғылы мен Қажымұқан көшесінің бойындағы үйлерде жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Медеу ауданы әкімдігінің өкілі Дәмір Данияровтың айтуынша, бағдарламаға магистральдық көшелерде орналасқан және Алматының орталық бөлігінің сәулеттік келбетін қалыптастыратын үйлер енгізілген.
«Әрбір нысанға оның сәулеттік ерекшеліктері мен жағдайын ескере отырып, жеке шешімдер таңдалады», — деп атап өтті Q-Lab әлеуметтік жобалау бөлімінің басшысы, «Алматыгенплан» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің өкілі Темір Ақатжанов.
Мысал ретінде әкімдік 1953 жылы салынған Теміржолшылар үйін келтірді. Ондағы жұмыстар тарихи сәулет элементтерін сақтауға бағытталған. Ғимараттың бірегей келбетін сақтап, оның пайдалану мерзімін ұзарту үшін жөндеу-қалпына келтіру шаралары қарастырылған.
Үйлердің қасбеттерін жаңарту кезінде сыртқы қабырғалардың ақаулары жойылып, зақымдалған әрлеу элементтері қалпына келтіріліп, кіреберіс топтары ретке келтірілетіні атап өтілді.
Дереккөз: Zakon.kz