
Алматының Бостандық ауданында 67 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылып, бірыңғай сәулеттік келбет қалыптасады. Қалалық бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар Бухар-Жырау, Байсейітова, Масанчи, Мүсірепов көшелері мен Әл-Фараби, Абай даңғылдарында қамтылған. Қайта жаңғыртудан кейін ауданның бір бөлігі мегаполистің жаңа гастрономиялық нүктесіне айналуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қасбеттерді жаңартуда травертин, гранит және алюминий композитті панельдер сияқты заманауи әрі берік материалдар қолданылады. Мердігерлер қасбеттерді тазалап, авариялық элементтерді бөлшектеп, сылақ қабатын қалпына келтіріп, кіреберіс топтарды жөндеп, жаңа қасбет жүйелерін орнатады. Сәулетшілер әр үйдің тарихи бөлшектерін сақтауға тырысады.
«Әр үй жеке дара. 50-60-жылдардағы үйлер жоспарлау, құрылымы, материалдары мен конструктивті бөлігі бойынша ұқсас, бірақ сәндік бөлігінде ерекшеленеді. Сондықтан әр үйге жеке қарауға тырыстық. Қасбеттегі сәндік элементтерді барынша қалпына келтіреміз, ал тозғандарын дәл солай ауыстырамыз», — деді «АлматыГенЖоспар» ҒЗИ директоры Асхат Садуов.
Масанчи көшесінде тұратын алматылықтар жылдар бойы шатырдың ағуы мен ескіруіне шағымданған. Мұнда қасбеттермен қатар шатыр да жөнделеді. Қайта жаңғыртудан кейін жаңа қоғамдық кеңістігі бар гастроулица құру жоспарлануда.
«Бірінші кезең жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бірақ Масанчи көшесін тұрғындарға қолданысқа беруді шілде айында жоспарлап отырмыз. Сәтпаевтан Абайға дейін кешенді абаттандыру жүргізіледі, сонымен қатар оны гастроулица ретінде позициялағымыз келеді. Гастроулица көшенің қасбеттен қасбетке дейін жаңаруынан кейін пайда болады. Қазір шахмат тәртібімен жұмыс істеп жатырмыз. Қыркүйек-қазан айларында көшені тапсырамыз деп үміттенеміз», — деді Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Айта кетейік, бастапқыда пилоттық жоба ретінде Жамбыл мен Назарбаев көшелерінің қиылысындағы үйлер таңдалған. Олар Алматы орталығындағы қасбеттерді кең ауқымды жаңғыртудың үлгісіне айналды. Қазір жұмыс мегаполистің үш ауданында қатар жүргізілуде.
Дереккөз: Almaty.tv