Алматыдағы ЖЭО-2 жаңғырту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда: қажетті жабдықтар жеткізіліп, қазір оны монтаждау жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының жылу- және газбен жабдықтау бөлімінің басшысы Нұрлан Әбдуәли өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ЖЭО-2 жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
— ЖЭО-2 бойынша жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Барлық жабдық қазір орнында, монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін жаңа станцияны газға көшіру арқылы іске қосу жоспарлануда, — деді Нұрлан Әбдуәли.
ЖЭО-3-ке келер болсақ, спикер станция Алматы облысының аумағында орналасқандықтан, жобаны іске асыру мәселелері облыс әкімдігінің құзыретінде екенін атап өтті.
Алматыдағы ЖЭО-2-ні табиғи газға көшіру жұмыстары 2024 жылы басталғанын еске саламыз.
Бұған дейін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ЖЭО-2 және ЖЭО-3 құрылыс алаңдарына барып, станцияларды табиғи газға көшіру жобаларының барысымен танысқан болатын. Сол кезде ЖЭО-2-нің жалпы құрылыс дайындығы 92 пайызға жеткен еді. Ал ЖЭО-3-те жобаның бекітілген кестесінен айтарлықтай артта қалу тіркелген.
ЖЭО-3 жаңғырту қарқынын бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов те сынға алған. Ол тиісті ведомстволардың басшылығын жұмыстар уақтылы аяқталмаған жағдайда жеке жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.
