Алматыда Түрксіб ауданындағы тұрғын үй кешенінің ауласында болған түнгі жанжалға қатысушылар анықталды. Бес ер адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде бір топ ер адамның екі жас жігітті ұрып-соғып, оқиға орнынан кетіп қалғаны көрсетілген видео тарады. Оқиға «Теремки» тұрғын үй кешенінің аумағында болғаны атап өтілді.
Полиция департаментінің мәліметінше, факті бойынша тексеру жүргізілді. Жанжал 4 тамызда сағат 03:50 шамасында Түрксіб ауданындағы тұрғын үй кешенінің ауласында болғаны анықталды.
— Бірін-бірі танитын бес ер адам қоғамдық орында сөзге келіп, тұрғындардың тыныштығын бұзып, дауыстап балағаттап сөйлеген. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, жауапқа тартылды, — деп атап өтті ДП баспасөз қызметі.
Ведомствоның деректері бойынша, екі ер адам қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін айыппұл төледі. Бесеуіне қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материалдар құрастырылды. Материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Полиция қоғамдық тәртіптің кез келген бұзылуы, әсіресе тұрғын үй массивтерінде және түнгі уақытта, қатаң құқықтық баға алатынын атап өтті.
Сондай-ақ ведомство әлеуметтік желілер мониторингі тұрақты негізде жүргізілетінін, ал пайдаланушылар жариялаған материалдар тексеру жүргізуге және құқық бұзушыларды заңда көзделген жауапкершілікке тартуға негіз болуы мүмкін екенін айтты.
Бұған дейін Алматы облысының полициясы Қаскелеңде ер адамдарды ұрып-соққан жасөспірімдер тобын ұстаған болатын. Оқиғаның видеосы да әлеуметтік желілерде тараған еді.
Дереккөз: Inform.kz
