Алматыда жылдық зиянды заттар шығарындыларының шамамен 60%-ы автокөлікке тиесілі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметтеріне сәйкес, қаладағы шығарындылардың жалпы көлемі шамамен 189 мың тоннаны құраған. Яғни негізгі үлес автомобиль көлігіне тиесілі болды.
Суық мезгілде атмосфераға қосымша салмақты көмір мен отын жағатын жеке үйлер, сондай-ақ қатты және сұйық отынды пайдаланатын нысандар, оның ішінде моншалар мен қоғамдық тамақтану орындары, атап айтқанда шашлычнаялар түсіреді.
Ауа сапасына Алматының табиғи ерекшеліктері де әсер етеді. Қала Іле Алатауының етегінде орналасқан. Қыста, әсіресе желсіз ауа райында, мұнда температуралық инверсия пайда болады: жылы ауа қабаты шығарындылардың таралуына кедергі жасайды, салдарынан ластаушы заттар атмосфераның төменгі қабаттарында жинақталады.
Көлік шығарындыларын азайту бөлек бағыт болып табылады. Қалада автобус паркін жаңарту жалғасуда, қоғамдық көлікке арналған бөлінген жолақтар желісі кеңейтілуде. Бұл шаралар жеке автомобильмен жүруге баламаны дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар Алматыда сәуір айынан бастап шығарындылар деңгейі төмен аймақ (LEZ) пилоттық жобасы іске асырылуда. Пилоттық кезеңде қатысу ерікті негізде көзделген, кіру ақысы, айыппұлдар мен қозғалыс шектеулері енгізілмейді.
Алматы полициясы да қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту шараларын қабылдап жатыр. Оның ішінде көліктің белгіленген шығарындылар нормативтерінен асып кетуін тексеру жүргізілуде.
