Алматының Медеу ауданында электр беру желісіндегі авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, шектеу 11-18 қыркүйек аралығында Олимпийская көшесінде енгізіледі. Тышканбаев көшесінен Байконурская көшесіне дейінгі аралық жабылады.
Жұмыстар №4А үйдің маңында, жол төсемінің астынан өтетін ЛЭП-220 кВ №2363 кабельдік учаскесінде жүргізіледі.
— Жұмыстарды жүргізу қажеттілігі ЛЭП-220 кВ №2363 желісінің зақымдалуына байланысты туындады, соның салдарынан Алматы қаласы мен Алматы агломерациясының электрмен жабдықтау сенімділігін және қуат транзитін қамтамасыз ететін 220 кВ желінің сақиналық схемасы бұзылды, — деді компанияда.
Қазіргі уақытта энергожүйе мәжбүрлі ажыратылған схема бойынша жұмыс істеп тұр, әрі кернеудің төмендеуі тіркелуде.
Компания деректеріне сәйкес, мұндай жағдайда 220 кВ желінің тағы бір элементінің зақымдалуы немесе ажыратылуы технологиялық бұзылысқа және тұтынушыларды электрмен жабдықтауды шектеуге әкелуі мүмкін.
Осы тәуекелдерді азайту және электрмен жабдықтаудың штаттық схемасын қалпына келтіру үшін мамандар зақымдалған кабельдік учаскеде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді.
Жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі. Олар аяқталғаннан кейін бұзылған абаттандыруды қалпына келтіру көзделген.
Алматы тұрғындары мен қонақтарынан маршруттарды жоспарлау кезінде уақытша жабылуды ескеру сұралады.
Бұған дейін 12 және 13 қыркүйекте Астанада жол жұмыстарына байланысты Ш. Бейсекова көшесінің Шакпак көшесінен Муса Жалел көшесіне дейінгі учаскесінде көлік қозғалысы толығымен жабылатыны хабарланған болатын.
