Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің төбесінде салынған жеке үйдің тағдыры сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл ерекше нысан Алмалы ауданындағы Казыбек би көшесі, 154/84 мекенжайындағы 9 қабатты тұрғын үйдің шатырында орналасқан. Өткен жылы бұл үй әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған болатын.
Сол кезде әкімдік нысан 2012 жылы заңды негізде пайдалануға берілгенін түсіндірген еді. Осыдан кейін Алматының қала құрылысы қызметін бақылау басқармасы нысанның заңдылығына қатысты сотқа талап арыз берді.
Содан бері шамамен бір жыл өтті. Басқарманың жауабына сәйкес, әзірге ерекше үй бойынша түпкілікті шешім жоқ — іс сотта қаралуда.
— Басқарма Алматы қаласының Алмалы ауданы бойынша мамандандырылған ауданаралық азаматтық істер сотына Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Казыбек би көшесі, 154/84, 16-пәтер мекенжайында орналасқан нысанды бұзу туралы, сондай-ақ сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берді. Қазіргі уақытта аталған талап арыз бірінші сатыдағы сотта қаралып жатыр, — делінген ведомство жауабында.
Сондай-ақ басқарма өкілдері биыл соттарда заңсыз нысандарды бұзуға қатысты 22 азаматтық іс қаралып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, Казыбек би мен Жұмалиев көшелерінің қиылысында орналасқан үй сатылымға қойылған. Хабарландырудағы мәліметке сәйкес, тұрғын үйдің төбесіндегі нысан 2001 жылы салынған. Оның жалпы ауданы 117 шаршы метр, төбенің биіктігі — 2,5 метр.
Сонымен қатар хабарландыруда нысанның басты артықшылығы — таулар мен қалаға панорамалық көрініс беретін, ауданы шамамен 50 шаршы метр болатын жеке терраса екені көрсетілген. Үйде ас үйден бөлек шағын монша бар. Сондай-ақ нысанға толық құжаттар пакеті бар екені және оны ипотекаға алуға болатыны атап өтілген.
Нысанның құны 69,5 млн теңгені құрайды.
Бұған дейін агенттік мұндай қосымша құрылыстарды тұрғызуға жалпы рұқсат етіле ме және бұл көпқабатты үй тұрғындары үшін қаншалықты қауіпсіз екенін білу үшін мамандарға жүгінген болатын.
Еске салайық, 2023 жылы Құрманғазы көшесі, 145 мекенжайындағы тұрғын үйдің төбесіндегі ірі заңсыз құрылыс бұзылған. Пәтерлердің бірінің иесі тұрғын үйдің шатырында мезонин салып, оны қабылдау комиссиясының актісі негізінде пайдалануға бергені анықталды. Сот шешімімен қосымша құрылыс заңсыз деп танылды.
