Алматыда жөндеу жұмыстарына байланысты Майлин көшесінде бірнеше күн бойы жүріс-тұрыс схемасы өзгереді. Шектеулер 21 тамыздан 24 тамызға дейін қолданылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Almaty Joly Telegram-арнасының мәліметінше, №9 үйден Тбилиси көшесіне дейінгі аралықта уақытша өзгерістер енгізіледі. Шектеулер 21 тамызда басталады.
«21 тамыз сағат 20:00-ден 24 тамыз сағат 8:00-ге дейін №9 үйден Тбилиси көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс шектеледі. Жұмыстар көшенің батыс жағында жүргізіледі, қарама-қарсы жағында кері бағыттағы қозғалыс ұйымдастырылады», — делінген хабарламада.
Жол қозғалысына қатысушыларды уақытша жол белгілерінің талаптарын қатаң сақтауға және өз бағдарын алдын ала жоспарлауға шақырады.
