Алматыда пәтер жалдау бағасы ауданға қарай айтарлықтай өзгереді. Түрксіб және Алатау аудандарында ең арзан пәтерлерді табуға болады, ал ең қымбат жалдау Бостандық ауданында тіркелген, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қазақстанда жалдамалы тұрғын үй бағасы үнемі өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бір жылда жалдамалы баспана орта есеппен 13,4%-ға қымбаттаған. Ірі қалаларда баға өсімі одан да жоғары: Алматыда маусым айындағы жалдау бағасы 2025 жылғы деңгейден орта есеппен 14%-ға жоғары болды.
OLX Қазақстанның аналитикалық қызметінің мәліметінше, бір бөлмелі пәтерді жалдаудың ең төменгі орташа құны Түрксіб ауданында тіркелген – айына 128 мың теңге. Бұл баға бір жыл ішінде орта есеппен 3,3%-ға төмендеген жалғыз аудан. Келесі орындарда Медеу ауданы (148 мың теңге) және Алатау ауданы (157 мың теңге) тұр. Алатау ауданы бағаның максималды өсімін көрсетті – бір жылда 70,5%-ға қымбаттаған.
Жетісу ауданында жалдау орта есеппен 161 мың теңге, Наурызбай ауданында – 167 мың теңге. Екі ауданда да баға шамамен 46,5%-ға өскен. Әуезов ауданында орташа жалдау құны 178 мың теңгеге, Алмалы ауданында 183 мың теңгеге жеткен. Ең қымбаты – Бостандық ауданы, мұнда бір бөлмелі пәтерді жалдау орта есеппен 189 мың теңгені құрайды, бір жылда баға 24%-ға өскен.
Екі бөлмелі пәтерлер нарығында ең қолжетімді ұсыныстар Алатау ауданында – айына шамамен 155 мың теңге. Келесі орындарда Түрксіб (164 мың теңге) және Жетісу (169 мың теңге) аудандары тұр. Айта кетерлігі, Түрксіб және Жетісу аудандарында екі бөлмелі пәтерлерді жалдау бағасы бір жыл ішінде орта есеппен 9,8% және 8,3%-ға төмендеген. Ең қымбат екі бөлмелі пәтерлер Медеу (300 мың теңге) және Бостандық (261 мың теңге) аудандарында жалға беріледі.
Дереккөз: Nur.kz