Алматының Бостандық ауданында Dongfeng жүк көлігі мен Changan жеңіл көлігі қатысқан жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бүгін шамамен сағат 10:00-де Бостандық ауданында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Changan маркалы көліктің жүргізушісі Жароков көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Левитан көшесімен қиылыста қауіпсіз қашықтықты сақтамауы салдарынан Dongfeng маркалы көлікпен соқтығысқан.
Соқтығыс нәтижесінде Dongfeng көлігі инерциямен аялдама кешеніне және ағашқа соғылды.
Dongfeng көлігінің жүргізушісін жедел жәрдем бригадасы қарап, одан әрі тексеру үшін медициналық мекемеге жеткізді.
Оқиға фактісі бойынша полиция қызметкерлері қажетті шараларды жүргізді. Жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып жатыр.
