Алматыда Жароков көшесінде жүк көлігі мен кроссовер соқтығысып, ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Zakon.kz тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, Dongfeng Captain жүк көлігі мен Deepal S07 кроссовері Жароков көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан. Жол жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақта жүк көлігінің жүргізушісі траншея алдында тежеген, одан кейін оған кроссовер жоғары жылдамдықпен соғылған.
Қатты соққыдан жүк көлігі жолдан шығып кетіп, аялдама павильонын қиратқан, электр беру желісінің тірегіне, одан соң шам бағанасы мен ағашқа соғылған.
Апат салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі зардап шеккен. Алдын ала мәлімет бойынша, кроссовер жүргізушісі ауыр жарақат алмаған.
Редакция тілшісінің атап өтуінше, аялдамада тұрған адамдар жүк көлігімен соқтығысудан жалтарып үлгерген. Жаяу жүргіншілердің ешқайсысы зардап шекпеді.
Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр.
