Алматыда пәтер бағасы ауданға қарай қатты өзгереді. Мысалы, Жетісу ауданында бір бөлмелі пәтер орта есеппен 23,5 млн теңге болса, Медеу ауданында 32,4 млн теңге тұрады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қазақстандағы ең қымбат тұрғын үйлердің бірі Алматыда орналасқан. Пәтер құнына тек жалпы ауданы ғана емес, орналасқан ауданы да әсер етеді. «Крыша» порталының мәліметінше, мегаполистегі пәтерлердің орташа бағасы шаршы метріне 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өзгереді.
Ең қымбат бір бөлмелі пәтерлер Медеу ауданында сатылады – орта есеппен 32,4 млн теңге. Ал екі және үш бөлмелі пәтерлер Бостандық ауданында қымбат – тиісінше 52 млн және 79,5 млн теңге.
Ең қолжетімді пәтерлерді Жетісу және Түрксіб аудандарынан сатып алуға болады. Мұнда бір бөлмелі пәтерлер орта есеппен 23,5 млн теңге, екі бөлмелі – 33 млн, үш бөлмелі – 45 млн теңге тұрады.
Алматыда тұрғын үй бағасы қалыпты қарқынмен өсуде. Алайда кейбір аудандарда соңғы бір айда баға айтарлықтай қымбаттады. Мысалы, Наурызбай және Түрксіб аудандарында үш бөлмелі пәтерлер бір айда шамамен 1 млн теңгеге қымбаттаған. Медеу ауданында бір бөлмелі пәтерлер орта есеппен 600 мың теңгеге қымбаттаса, үш бөлмелі пәтерлер керісінше 4,5 млн теңгеге арзандаған.
Дереккөз: Nur.kz