2026 жылдың басынан бері Алматыдағы 19 стационарлық экологиялық бекетте автокөліктердің шығарынды газдарына 116 мыңнан астам өлшеу жүргізілді. Бұл туралы «Ренессанс плюс» ЖШС хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мониторинг қорытындысы бойынша уыттылық пен түтінділіктің белгіленген нормативтерінен 13 076 жағдай асып кеткені анықталды. Ең көп бұзушылық Алатау және Наурызбай аудандарында тіркелген.
«Ренессанс плюс» ЖШС-де автокөлік құралдарының шығарындылары мониторингі техникалық байқау кезінде талаптардың сақталуын бақылау ретінде тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыс шығарынды нормативтерінен асып кеткен автокөліктерді анықтауға, атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендетуге және атмосфералық ауаны қорғау іс-шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Дереккөз: Almaty.tv