Алматыдағы ірі көтерме базарлардың бірі — «Барыс-4»-те кешенді бақылау шаралары өткізілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тексеруді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Мемлекеттік кірістер департаменті және азық-түлік тауарларының баға белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның басқа мүшелерімен бірлесіп ұйымдастырды.
Негізгі назар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті мөлшерін сақтауға, баға қалыптастыру мәселелеріне, баға белгілерінің болуына және өнімсіз делдалдарды анықтауға аударылды.
Іс-шаралар барысында кәсіпкерлермен сауда саласындағы заңнама талаптарын сақтау, баға белгілерін дұрыс рәсімдеу және белгіленген сауда үстемесін қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру қорытындысы бойынша 1 025 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 717-сі — тауардың бағасын теңгемен көрсетпей сатқаны үшін, тағы 308-і — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінен асырғаны үшін. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 25 млн теңгеден асты.
Сонымен қатар, өңірлік комиссия жұмысы барысында 18 өнімсіз делдал анықталып, жойылды.
Сауда саласындағы заңнаманы сақтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бақылау шаралары жалғасады.
Дереккөз: Almaty.tv