Алматыда жаңбыр кезіндегі су басу қаупі бар арық желісінің 124 проблемалы учаскесі анықталды, оның 80-інде жұмыс аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, 28 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр, қалған 16 учаскеге қажетті шаралар жоспарланған.
— Биылғы жылы қалада 124 проблемалы учаске анықталды, — деп атап өтті басқармада.
Қаладағы арық желісінің жалпы ұзындығы 1525 км құрайды. Оның 1259,4 км көше-жол желісі бойымен, ал 265,6 км жасыл аймақтар мен аулалар аумағынан өтеді.
Ведомство арықтарды күн сайын тазалау жүргізілетінін, су басу қаупі жоғары учаскелерге ерекше назар аударылатынын айтты.
Қатты жауын-шашынға уақытылы ден қою үшін коммуналдық қызметтер «Қазгидромет» РМК-дан күн сайын болжанатын ауа райы жағдайлары туралы ақпарат алады. Бұл мамандандырылған техника мен авариялық бригадаларды әлеуетті осал аудандарға алдын ала жіберуге мүмкіндік береді.
Қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар департаментінің мотопомпалары мен жұмылдыру дайындығы басқармасының құтқару қызметі жұмылдырылады.
Дереккөз: Inform.kz