Алматыдағы Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Алтын Бесік шағын ауданындағы Трудовая көшесіндегі қоғамдық кеңістіктің абаттандыру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бүгін бұл аумағы 1 гектарды құрайтын заманауи кеңістікке айналды. Мұнда тұрғындардың белсенді демалысы үшін барлық жағдай жасалған: үлкен және кіші футбол алаңдары, баскетбол алаңы, воркаут аймағы, заманауи балалар ойын кешені, серуендеу жолдары, жаңа орындықтар мен жарықтандыру орнатылды.

Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді: 30 ағаш пен 300 бұта отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылды. Бұл кеңістікті одан әрі ыңғайлы әрі жасыл етеді. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары мен заманауи көше жарықтандыруы қосылды.


Қазір бұл қоғамдық кеңістік шағын аудан тұрғындары үшін нағыз тартымды орынға айналды: балалар ойын алаңдарында уақыт өткізуді ұнатады, жастар футбол мен баскетбол ойнап, спортпен шұғылданады, ал ересектер отбасымен демалады.

Биылғы жылы Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 29 жоба іске асырылуда. Олардың арқасында аулалар мен қоғамдық кеңістіктер заманауи, қауіпсіз әрі жайлы бола түсуде.
