Алматыда жылумен жабдықтау және ыстық сумен қамту қызметтері бойынша берешегі бар 600-ден астам кәсіпорынға мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Алматы жылу желілері» ЖШС мәліметінше, жыл басынан бері дебиторлық берешекті өндіріп алу бөлімі қарыздар кәсіпорындарға қатысты 1274 материалды қараған. Оның 602 атқарушылық ісі қазірдің өзінде сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындатуға жіберілген.
Компания қарызкерлерге қандай мәжбүрлеу шаралары қолданылатынын нақтылады:
- банктік шоттарға тыйым салынады;
- «Е-нотариат» жүйесі арқылы нотариаттық әрекеттерді жүргізу шектеледі;
- мүлікке тыйым салынады;
- берешек сомасы 40 АЕК-тен (173 мың теңге) асатын 378 атқарушылық іс бойынша ҚР-дан шығуға уақытша шектеу енгізілген.
Компания мәліметінше, мұндай шаралар нәтиже беріп отыр. 602 кәсіпорынның 283-і берешегін толық өтеген.
«Алматы жылу желілері» ЖШС мәжбүрлеу шаралары тек ұзақ уақыт бойы қызмет ақысын төлеуден жалтарған тұтынушыларға қолданылатынын атап өтті. Материалдарды өндіріп алуға бермес бұрын кәсіпорын хабарлау және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, берешекті ерікті түрде өтеу мүмкіндігін береді.
Дереккөз: Nur.kz